Ерлі-зайыпты Жамықановтар 70-ке келсе де экотуризмді насихаттап жүр

Источник: informburo.kz

Ерлі-зайыпты Жамықановтар 70-ке келсе де экотуризмді насихаттап жүр

Жақыпберді Жамықановқа қырғыздың Ыстықкөліне апаратын Алатаудың шатқалдары жақсы таныс. Қазір жетпісті алқымдаса да, 5 жасынан машықтанған жолбастаушылығын тастаған емес. Кеңес одағы кезінде Алматы – Ыстықкөл бағыты бойынша 15 саяхат бағдары болған. Ол жеті күнге дейін созылатын туристік бағыт бойынша оқушылардан бастап, шетелдік туристерге жол көрсетіп жүрген.

– 1967 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген соң тау туризмінің инструкторы мамандығын меңгердім. Ол кезде 10 шақты туристік база болған. Онымен қоса жекелеген ұйымдардың да базасы жұмыс істейтін. Экотуризм саласына түрлі мамандық иелерінен құрылған жас шамасы әр түрлі әуесқой адамдарды жолнұсқаушы етіп дайындайтын. Жаз мезгілінде бұл бағыттармен бір уақытта 15-20 мың адам баратын.


Экотуризмге қызығушылар көп

Экотуризмге қызығушылар көп / Фото жеке мұрағаттан алынды

Өйткені совет заманында альпинизм әуесқойлар қоғамы мен таулы жорықтар туризміне мемлекеттік қолдау көрсететін.

Содан болар Алматы тұрғындары таулы соқпақтармен шалғай жерлерге жорыққа көп шығатын. Жолқоржындарын асынып алған жас-кәрісі аралас, дайындық деңгейі әр түрлі адамдар тәжірибелі инструктордың басшылығымен бірнеше күн бойы таулы соқпақтармен жол жүріп, палаткаларда түнейтін, ал түнде жұлдыздары жарқыраған түпсіз аспан астында алаудың жанында гитарамен ән айтып отыратын, – деп еске алды.

Жолдың қызығы мен қиындығы

Алайда Жақыпберді Жамықанов тау жолының қызығы мен қиындығы қатар жүретінін ескерген жөн дейді. Оның айтуынша, ерекше әсем табиғатты тамашалау, көзбен көремін дегендер біраз жол машақатын да тартады.

– Экологиялық туризмнің басты идеясы – адам табиғатпен етене жақын болып, оны түсінуді, қадірлеуді және оған зиян келтірмеуді үйренеді.Сұлулығына көз тоймайтын табиғатты көріп, сезіну бір бөлек. Оны теледидардан көріп жүрген сезіммен салыстыру мүмкін емес. Бірақ тау асып, шатқал-құзды аралау кез келген туристке қол емес. Жүре алмайды. Жасақталған топтағы әр адаммен жеке сөйлесіп, дайындық дейгейін анықтап аламын.


Теплофизик асуы. Алматы облысы

Теплофизик асуы. Алматы облысы / фото veters.kz

Табиғаттың қыр-сырын меңгеріп, тұрмыстық жағдай жасалмаған ортаға бейімделу, қандай жағдай болмасын өзін-өзі басқара білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ал жаяу туризм осыған тәрбиелейді. Менің табиғатпен біте қайнасып кеткенім соншалық, тауда жүргенде өзімді үйдегідей сезінемін. Сондықтан әлі күнге дейін Алатау бөктерін аралаудан шаршамаймын. Тек басты арманым – осы ісімді жалғастыратын жастарға үйретудің жолын таппай отырмын. Өйткені, мемлекет қолдау танытпай отыр.


Жас жұбайлар арасында Алатау шатқалдарын аралауға ниет танушылар көп екен

Жас жұбайлар арасында Алатау шатқалдарын аралауға ниет танушылар көп екен / Фото жеке мұрағаттан алынды

Бір қызығы, бізбен бірге бал айына барған кейбір жас жұбайлар көп ұзамай ажырасып кетіп жатады. Өйткені тауда адамның мінезі, шыдамдылығы, адами қарым-қатынасы сынға түседі. Арқаңа асқан жолқоржындағы бір ғана қасықтың өзін жаныңдағы досың, танысың өз сөмкесіне салып арқалап жүрсе, үлкен көмек болып саналады.

Одан өзге күні бойы шаршағанмен, кешке жаныңдағы әлсіз адамдарға көмектесу, тамақ дайындау, күннің ыстық-суығына шыдау секілді сынақ күтіп тұрады. Екі-үш күн жуынбауың да мүмкін. Кеңес заманында жолда тау бойын жағалай мал бағып отырған ауылдар көп кездесетін. Соларға барып, ыстық тамақ ішіп, әлденіп алатынбыз.

Әйелім Көгершін де алғаш тауға шыққанда "осыдан келген соң ажырасам" деп өзіне серт берген еді. Бірақ, әлі біргеміз, – деді Жақыпберді Жамықанов.

Кезінде мектеп оқушыларынан құрылған топтарды Алматы – Ыстықкөл бағытымен алып жүрдік. Олардың қатарында жеті жасар менің қызым да болатын. Сол жорықтағы бастарынан өткерген қанша қиындық олардың достықтарына сызат түсірмеді. Әлі күнге дейін хабарласып тұрады, бала-шағасымен жорыққа шыққысы келетіндерін айтады. Өйткені тауда өткізген бес-жеті күндік саяхат олардың өмірге деген көзқарасын түпкілікті өзгертіп, өмірдің екінші қырын танытты.

Бір күні он шақты баламен әдеттегідей саяхатқа шыққан болатынбыз. Біз шатыр құрып, түнеген жерде қасқырдың апаны бар екен. Таңғы сағат бестерде балаларға тамақ дайындайын деп тұрсам, жарды бойлай қуыс жерге тіккен шатырлармыздың дәл үстінде бөлтіріктерін күзетіп, қасқыр жүр. Көздері жылт-жылт етеді. Бізді аман алып қалған сол жар екен. Ал тегіс жерге шатырды тіккенде шабуыл жасайтыны анық еді. Содан балаларды оята салып, таудың етегіне қарай екі-үш шақырым алысқа барып, таңғы асымызды іштік.

Топты алып жүргенде жол бастаушы ретінде бірінші өзім жүремін. Бір рет 300 метр биіктіктен құлаған кезім болды. Ал таудағы асулардан өткенде мұздықтардың үстімен жүру қауіпті. Өйткені қардан мұздың жарылып тұрғанын байқау мүмкін емес. Бір рет әйелім Көгершін артымнан еріп келе жатқанда мұз жарылып, ортасына түсіп кетті. Бағына қарай арқасындағы сөмкесі ауыр болып, екі мұздың ортасына қысылып қалды. Сосын арқан тастап, шығарып алдық, – дейді Жақыпберді Жамықанов.

Қай бағыттарды жандандырған дұрыс?

– Мен бірінші рет 1966 жылы "Трудовик" шыңына шыққан болатынмын. 6700 биіктіктегі "Коммунизм" – мен бағындырған биік шыңдардың бірі.

Біз парламентке бірнеше рет хат жазып, Кеңес өкіметі кезіндегі 15 бағыттың ең болмаса екеуін қолға алуды ұсындық. Жалпы Көлсай, Есік, Түрген, Ақсу асуы мен Үлкен Алматы өзені арқылы өтетін жолдар аса қиындық туғызбайды. Бірақ коммерциялық тұрғыда әзірге пайда әкелмейді. Өйткені алдымен туристерді қызықтыратын жобалар дайындалу керек. Көлсай жолы арқылы балалар да саяхаттайды. Бірақ асуларда 9-10 ай бойына қар жататындықтан біз тек шілде мен тамыз айында саяхаттауды ұсынып отырмыз, – дейді Жақыпберді Жамықанов.


Алатаудың Фурманов шыңы

Алатаудағы Фурманов шыңы / Фото жеке мұрағаттан алынды

Жаңа бағыт туристерді қызықтырмайды

Экотуризмді насихаттауға Жақыпберді Жамықанов Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынып отырған саяхаттау бағыты туристер үшін тартымды емес дейді.

– Кеген жолы арқылы ұсынылған жаңа бағыт туристерді Медеу мен Шымбұлақты көру мүмкіндігінен айырады екен. Кеген жолымен жүріп, ары қарай тасты жолмен алып жүру туристерді алдау. Шетелдік туристердің талғамы жоғары. Олар адам аяғы баспаған, ласталмаған, қызығы мен қиындығы қатар жүретін әсем табиғатты тамашалғанды ұнатады. .

Ал біз ұсынған екі бағыт Алатаудың керемет табиғатын көруге мүкіндік береді.


Түрген шатқалындағы Қайрақты сарқырамасы

Түрген шатқалындағы Қайрақты сарқырамасы / Фото ғаламтордан алынды

Бірінші және нөлдік категорияға жататын бағытты бір күндік (20-25 шақырым) және екі күндік (40 шақырым) деп бөліп қарастырамыз. 85 шақырым бірінші категориялы бағытта екі асудан өтеміз.

Біз ұсынған бағыттардың бірінде Үлкен Алматы көлінен өтіп, орманды алқапта біраз аялдау керек. Өйткені адам биікке көтерілген сайын ауаға үйренуі қажет. Сосын асудан өткен соң, жазықтағы екі өзенді қиып өтеміз. Ақсу мұздықтарынан Жасылкөлге жетеміз. 4200 метр биіктікке дейін көтерілеміз. Ары қарай Григор шатқалы арқылы қырғыздың Өрікті ауылының үстінен түсеміз.

Таулардағы қиыршық тастардың бетімен жүру қиын. Бірақ керемет табиғатты көру соған тұрарлық. Тау өзендерін таңғы сағат бес-алтыларда кесіп өтуге тура келеді. Өйткені күндіз еріген қардан көбейген судан өту қиынға соғады. Ал қалың қар басқан тау бөктерлерінен өткенде жел ұшырып кетпеу үшін шатырды бойымен бірдей қазылған қардағы шұңқырға тігеміз. Суретіне тамсана қарайтын солтүстік шұғыласын да осы қарлы тауларда түнеген кезде бірнеше рет көрдім, – дейді саяхаттаушы.


Григорий шатқалы. Қырғызстан

Григор шатқалы. Қырғызстан / Фото morena.kz

Шекараны қиып өтудің жолдары

Жол бастаушы Жақыпберді Жамықановтың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы – Ыстықкөл бағыты бойынша жүргенмен, туристердің шекара сызығын кесіп өту мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ дейді.

– Мен соңғы рет туристерді Ыстықкөлге 2007 жылы алып бардым. Оған дейін шекараны кесіп жүре беретінбіз. Менің екі қызым бар. Қыздарым тұрмысқа шыққанда күйеу балаларымды сынақтан өткізудің бір жолы ретінде оларға менімен бірге Ыстықкөлге баруын талап ететінмін. Екінші қызым неміс ұлтына күйеуге шықты. Уақыты келгенде ол дайындалып шықты. Менімен бірге бірнеше күн Қазақстанның табиғатын тамашалап, Ыстықкөлде демалып қайтты. Қайтарда шекарада сағаттап тұруға тура келді. Ақыры айыппұл төлеп әзер кері қайттық. Мен бұл мәселенің де шешу жолын ұсынған едім. Жаяу саяхаттайтын туристер тізімін мен Қорғаныс министрлігіне жіберемін, шекарадан өткен кезде мөр басып береді. Сол тізімге кері шекараны кесіп өткенде тағы да мөр басылады, – дейді ол.

Шетелде экотуризм қандай деңгейде?

Жақыпберді Жамықанов Қазақстан ішкі туризмді дамыту үшін алдымен демалыс орындарын салу керек дейді.

– Мен шетелдің көптеген демалыс орындарында болдым. Таулы аймаққа туристерді тартуда барлық жағдай жасау керек. Туризм саласын дамыту үшін салған қаржы өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Мен бір ғана мысал келтірейін. Германияда Мюнхен қаласының жанында Гарниш парк демалу орталығы бар. Менің неміс құдам сонда тау бөктерін аралап қайтуға шақырды. Ол жақтағы таулар біздегідей топырақ араласқан таулар сияқты емес, құз-жартастардан тұрады. Мюнхеннен 130 шақырым қашықтықтағы тауда демалыс орнына апаратын 26 жолдың түрі салынған. 1800-2000 метр биіктіктен басталатын тау жоталарын аралауға барлық жағдай жасалған. Тік құлама жардың тұсынан бұрылатын жерге торлар ілінген. Жол бойына жаяу аралап келе жатқан саяхаттаушы үшін нұсқаулықтар ілінген. Шаршаған адам нұсқаулық арқылы қанша метрден кейін қонақүй, кафе, дәретханаға жететінін біліп отырады. Тіпті таудың бір қалтарысына үш адамдық қонақүй салынған. Гарниш парк бір уақытта 300 мың адам қабылдай алады екен. Сол парктегі соқпақ жолмен жүруге бар-жоғы 30 евро төледім. Жолда қалтамда евро болмай екі долларға кофе іштім. Сонда менің бір күндік таудағы демалысымның қанша ақшаға шыққанын санай беріңіз.

Ал біздегі Шымбұлақ демалыс орнын алайық. Демалыс, мейрам күндері ондағы аспалы жолмен жүру он мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал зейнеткерлер елу пайыз жеңілдікті тек жұмыс күндері ғана пайдалана алады. Сонда бір отбасы бір айлық жалақысына демалуы керек. Түрген шатқалынан да керемет демалыс орынын жасауға болады. Ал көптен бері дауға айналған Көкжайлау шатқалын мемлекет өз қолына алуы керек. Олай болмаған күнде біраз жылдан соң жекеменшікке өтіп, әркім білгенін салады. Ол жерді де Шымбұлақ секілді демалыс орнына айналдыру керек деп ойлаймын, – деді Жақыпберді Жамықанов.


Шымбұлақ тау шаңғы курорты

Шымбұлақ тау шаңғысы курорты / Фото almaty-akshamy.kz

Экотуризм адамның өзіне деген сенімділігін арттырады

– Жаяу саяхаттаушы үшін ең бастысы ереже. Жол бастаушыға қалтқысыз бағынып, айтқанын істеуге міндетті. Өйткені ережені бұзу арқылы өзін ғана емес, бүкіл топтың басын қатерге тігеді. Бір жағы құз, бір жағы жар жалғыз соқпақ жолмен келе жатып, жаныңдағы адамның бір ғана қателігінің салдарынан зардап шегетін кездер болады.

Сонымен қатар екі-үш күн жуынбай қалатын, кейде қатты ашығып немесе шаршап, иә болмаса айғайлап, ұрсысатын кездер жиі кездеседі. Бір танысымыз жоғары сыныпта оқитын баласын ертіп шыққан еді. Басында айқайлап, "өлтіруге әкелдің" деп, барлық ыза-ашуын анасынан алды. Бірақ кейін тұрмыстық проблемалардың түкке тұрғысыз екенін түсінді.

Бірде оныншы сыныпта оқитын қызымның дос қызы менен екі күн бойы қалмай еріп отырды Мен инструктордан қалмай еріп отыратын адамды бірінші рет көргенімді айтып, мақтап жүрдім. Екінші күні кешке қарай қызда бір өзгеріс бар екенін сездім. Қарасам, етігінің іші қанға толып қалыпты. Ол намысқа тырысып, аяғын етігі қажағанын айтпаған екен. Ал тау-тасқа шыққанда ең бастысы аяқ киім дұрыс болу керек.


Шарын шатқалы. Алматы облысы

Шарын шатқалы. Алматы облысы / Фото ғаламтордан алынды

Таудан тауы шағылмаған әйел

– Мен алғаш рет Ыстықкөл бағытына барып қайтқан соң енді екінші рет шықпаймын деп ойлағам. – дейді Көгершін Жамықанова. – Бірақ ол ойымнан тез айныдым. Содан кейін үш айлық қызымды арқалап бардым. Жолда тамақ ішуге тоқтаған кезде барлық туристер өздерінің шаршағанын ұмытып, жабылып жүріп, қызыма тамақ дайындап, су жылытып, бірі жуындыруға көмектесіп кететін. Ал тамағын тойдырған қызым таудың таза ауасында таң атқанша оянбай ұйықтайтын. Күні бойғы жүрістен емшекте сүт болмайтын. Қызымды емізу үшін топты тоқтатуға батылым бармайтын. Ал әкесі алдына қызын алып, арқасына сөмкесін байлап, жол бастайтын.

Бір күні тауға шыққым келгенмен күйеуімнің өзімен ерітпесін білген соң бір күндік сапар деп ойлап, жеңіл киімдерімді ғана алып, арттарынан еріп отырдым. Қар белуардан келген кезде алдындағы туристер кезекпен қарды аршып отырды. Арттарынан еріп келе жатқан мені байқап қалып, күйеуім ренжіді. Бір жазықтау жерге келгенде кері қайтам дедім. Олар биік жотаға көтерілгенде мен кері жүрдім. Сол кезде артымнан бір иттің ақсаңдап әзер еріп келе жатқанын байқадым. Жалғыз емеспін деп қуандым. Алайда биік жотада тұрған туристер мені бақылап тұрған екен.

Бағыма қарай алдымнан қойшы шыға келді. Мені көре сала, мылтығын кезенді. Мен шошып қалдым. Гүрс еткен мылтық даусы шықты. Сөйтсем, менің артымнан еріп келе жатқан ит дегенім, қасқыр екен. Қасқырлар қулыққа басып, өтірік ақсаңдап, әлсіз кейіп танытып еріп отырып, бір қалтарыста адамға шабуыл жасайды екен. Алайда қойшының оғы мүлт кетіп, қасқыр қашып кетті. Осындай қауіп-қатері мен жаяу жүрудің қиындықтары болса да, ешқашан тауға шығудан, таза ауасын жұтып демалудан бас тартқан емеспін.

Мен экотуризмнің пайдасы туралы жұмыстағыларға жиі айтатын едім. Зағиптар қоғамын басқаратын бір танысым үш жыл қатарынан Ыстықкөлге апаруды өтінді. Көзі көрмесе де, көрген адамнан артық сезетінін айтып жалынды. Келісуге тура келді. Құз, шатқалдармен жүргенде кейде бір-бірімізге байлаған арқан-жіптің бойымен жүреміз. Мен зағип танысымның жібінің бір ұшын өз беліме байладым. Шатқалды бойлай жүргенде адам арқасын шатқалдың қабырғасына сүйеп жүруі керек. Бір адым аттасаң, құздан құлап кетуің мүмкін. Артымда келе жатқан танысым таяғымен түртіп, жолын бақылаумен қатар мені тыңдауды ұмытып кете береді. Оның үстіне беліме байланған жіпті тарта берді. Ақыры 250-300 метр биіктіктен құладық. Танысымның арқасындағы жолқоржыны салмақпен бізді төмен тартты. Құздың шыңырау түбіне алып кетеді деп, әзер түсіндіріп жатып жолқоржынды тастатқыздым, арқанмен жоғары шықтық, – дейді Көгершін Жамықанова.


Тұйық-Су асуы. Алматы облысы

Тұйық су асуы. Алматы облысы / Фото ғаламтордан алынды

Ресейліктер де Қазақстандық экотуризмді насихаттап жүр

80 жылдары Солтүстік Тян-Шань-Іле Алатау, Күнгей-Алатау-Ыстықөл бағыты бойынша жылына 213 мың турист жүріп өткен деген деректер бар.

Ал Қазақстандағы тау тізбегінің ұзындығы 700 километрден асады екен. Экотуризмді насихаттаушылар осы мүмкіндікті пайдалану керек дейді.

Шекара сызығын қиып өтуге жаяу туризмге рұқсат берілмегенмен, Ресейден, Украинадан келген кейбір саяхатшылар шекарадан өтіп, Ыстықкөлге барып жүргендерін жазған. Ал ресейлік сайттар әлемнің кез келген еліне жаяу саяхаттауға шақырып, соның ішінде Іле Алатау, Тянь-Шанның солтүстік батыс аймағына саяхаттауды 300 АҚШ долларына бағалаған. Ол бағаға Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ шаңғы курорты, Тұйық су альплагері, Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан шатқалы мен Алматы қаласын аралау кіреді екен.

Аталған табиғаты әсем жерлерге асулар мен жазық дала, тау өзендері мен тау мұздықтары арқылы 65 шақырым жолды 11 күнде жаяу жүріп өту жоспарланған. Сонымен қатар аталған сомаға үш уақыт тамақ, жол бастаушының қызметі, газ балон, Төтенше жағдайлар министрлігіне тіркеуге отырғызу, медициналық дәрі қобдишасы кіреді.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі туризмді дамытудың 2025 жылға дейін бағдарламасын жариялаған болатын. Жоба бойынша туристер саны 9 млн адамға көбейді, жеті жылдан кейін туризм саласында 650 мың адам жұмыс істейді. Әзірге туризм саласы Қытай, Үндістан мен Ресейде қарқынды дамып келеді екен.

Ал әлемде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жыл сайын 8 млрд адам барады деген деректер бар. Оның 80 пайызы Еуропа мен Солтүстік Америкаға тиесілі.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Места: Америка Украина Алматы Тараз Персоны:      
comments powered by HyperComments