Арамдық пен опасыздықты көрген сайын, алыстаған адалдық ауылын аңсаймыз

Источник: informburo.kz

Арамдық пен опасыздықты көрген сайын, алыстаған адалдық ауылын аңсаймыз

Адал болу қиынның қиыны

"Адал болғанның несі қиын?" деген аңтарылған сұрақтың туындауы заңды құбылыс. Себебі, әр адам өзін адалмын деп санайды. Сезінеді. Сенеді. Жылпостан жырақ, жағымпаздан алшақ болуды қалаймыз. Тек, кейде санамызда қабылдаған жайттан іс жүзінде жалт беретінімізді өзіміздің байқамай қалатынымыз болмаса. "Е... Сөйтпесек пенде боламыз ба?!." деп, іштей өзімізді дереу ақтап ала қоямыз. Ол жағына шеберлікті игердік.

Шындыққа үңіле қарасаң, жаны таза, адалдықтан аттап кете алмайтындар ілкі заманнан таяқ жеумен өткен. Өтпек те. Шымбайға бататын шындық ешкімге керек емес. Әлбетте, жанұшырып адалдықты қорғауға, опасыздыққа қарсы тұруға ұмтылатын сияқтымыз. Өкінішке қарай, күннен күнге опасыздық қарқын алып, жағдай ушығып бара жатқандай.

Жетімдер үйіндегі әдет жетілсе де қалмайды екен

Көптен көрмей кеткен танысымды тосыннан кездестіріп қалдым. Мәре-сәре болыстық. Алақанымен бетін басатын әдеті әлі қалмапты. Балалар үйінде тәрбиеленгенін білем. Шорқақ болса да, мейлінше қазақша сөйлеуге тырысады. Мен ерекше қадірлейтін қасиеті – өте адал. Адам түгілі құмырсқаға да адал-ау, шіркін?! Үйіне маса кіріп кетіп, әбден шақса да "қарны қаныма тойғанда, ұялғаннан өзі-ақ шақпайды" дегенін естіп, күлкіден шалқамыздан түскеніміз есімде.

Тегі белгісіз

Бір қарағанға түрі татарға да, орысқа да келеді. Жетімдер үйінде өскендіктен, ұлтын білмейді. Жаялығында ораулы күйі көшеден табылған тастанды. Тастап кеткен жандар аты-жөнін, тегін, нәсілін жазбапты. Түрі еуропа нәсілдес, аққұба. Кейде "Пәшіс шығарсың?" деп күлетінбіз.

Сөздің түбірі қайда соғарын ойланбай айта салатын "жастық-мастығымызға" ренжіместен күлетін де қоятын. Бәлкім, "төрт құбыласы түгел" біз түсіне бермейтін жанын сол сәтте қасірет тырмалады ма екен?.. Бүгінде арамдығы жоқ ойсыз кезіміздің қателігін түсіністікпен кешірген болар деп үміттенем.

"Екі әйел қосылса – базар..." демекші

Өткен-кеткенді айтып, тауыса алмай жатырмыз. Ағыны арқыраған тіршіліктен қалқып шығуға жанығып жүріп, кешегі доскөңіл жандармен ара үзіп алатының өкінішті. Тағы сол "уақыт жоқтыққа" салып, ақталып аламыз. Көрмегеніме оншақты жылдың жүзі боп қалған екен. Қызын ұзатыпты. Алғашқы сұрағым: "Қазақ па?" болды. "Туу, сен де бір?! Қазақ, қазақ!.." деп күліп алды. Қуандым. Тегін анық білмесе де, қазақ жерінде туылып-өскендердің қазаққа түбегейлі айналғанын қалаймын. Жоралғыға жүретін етжақын туыстары болмай, бас-аяғы елу адамға той жасапты. Есесіне, құдалары бес жүз адам шақырып той жасаған көрінеді.

"Туысымыз жоқ. Ақшаң жеткілікті болса да, ағайын жоқтықтың ауырлығы арқаға батады екен. Оны қызымды ұзатқанда сезіндім. Екі жолдасымыз бен ұлымды ғана ертіп, күйеуім екеуіміз шошайып барғаныма құдаларымнан қысылдым" деп күрсінді. Бар білгенімше жұбатып қоям. Тегіңді, туысыңды білмеу неткен қасірет?! Әңгіме қыза-қыза кеп тірелетіні сол баяғы: "Қайда жұмыс істейсің?" Естігеніме өкініп қалдым.

Жалған сөйлемеймін деп, жұмысынан айрылыпты

Таңданбасыңа қоймайтын жайт алдымнан шыға келді. Мен білетін тәуір жұмысынан басқа жаққа ауысыпты. Турасын айтқанда "қуылып" кетіпті. Түсінгенім, өз мамандығының кәсіби шебері болса да, басшыға "ұнамай қалуына" байланысты жұмыстан қуылған?..

Әлбетте, қай мекемеде болсын алдымен басшының көңілінен шықпасаң, жағдадыңй қиындайтыны бесенеден белгілі. Құрбым кешкен теперіш – бүгінгі қоғам келбеті екенін іштей мойындап үлгердім. Сонда не себеп болды десеңізші?!

Бар болғаны – адалдықтан аттап кете алмаған

"Кішігірім жиында бұрынғы басшы жайлы оң пікірімді ашық айттым", – деп әңгімесін бастаған құрбым, алақанымен бетін көлегейлей қойды. Осы әдетінің сырын ертеректе сұрағанмын. Кіл жетім балалардың ортасында көңілі жабыққан кезде осылай бетін жапса, "қиындықтан құтылардай" көрінген екен.

Бір қарағанға мәнсіз көрінетін әдетінің себебі есіме түсіп, жүрегім тағы бір шым ете сыздап қоя берді. Өзі әже болса да, панасыз күннің таңбасынан арылмаған. Бір ауыз сөздің сенделіске түсірген салмағынан әзер дегенде есін жинапты.

"Бала күнімнен адалдық ауылының тұрғыны" екенімді білесің ғой?

"Туа бітті екі сөйлей алмайтыным үшін әлі күнге таяқ жеумен келем. Өзім де қоғамға икемделуді еш үйрене алмай қойдым. Сол жерде тым құрыса үндемей құтылуыма болатын еді. Жоқ, міндетті түрде шындығын айтуым керек. Есесіне, сүйікті жұмысымнан айрылып, көрмеген азабым қалмады. Түптеп қарасаң, бұрынғы басшымыздың маған анау айтты үйіп-төккен ештеңесі жоқ. Жұмыс бабымен алдына бара қалсаң, әрдайым оң шешетін. Бар болғаны сол. Қызмет барысында одан артық не керек?" – деген пікірін қалай құптамасқа?!

Адам жұмысқа тәуелді

Жұмыс барысында басшыға тәуелдісің. Жібі түзу жан болса, құдайың берді дей бер. Болмаса ше?..

Өкінішке қарай, танысымның үлкен бастығының жайлы креслосы біреулерге керек болса керек. Ебін тауып ысырады. Өзі кеткенмен, қызметтегі іскерлігін сызып тастай алмаған танысым: "Ұжыммен тіл табыса білетіндігі, адамгершілігі жайлы жүрекжарды ойымды айтып отырғанда көзім жаңа бастығыма түсіп кетті. Түрі сұрланып кетіпті. Алғашында мән бермегенмін. Білесің бе, қанша рет таяқ жесем де, екіжүзді бола алмайды екенмін. Бастығымның құйрығы інде жатыр екен..."– деп ауыр күрсінді.

Ашық пікірі үшін айыпты болды

Хатшы қыз "шақырып жатыр" деген соң, ойында ештеңе жоқ алып-ұшып жетіп барады. Оңашада жаңасы "кеткен бастық" жайлы көпшіліктің алдында жақсы пікір айтқаны үшін жерден алып, жерге салады. Тосын айқайды күтпегендіктен, айтарға сөз таппай тосылып: "Жұмыстан қазір шығарып жіберсеңіз де, ол кісі жайлы ғайбат сөз айта алмаймын. Сізді де осы креслоға отырғызған сол кісі!" деп салады.

"Бар болғаны сол ма?!" деймін таңырқай. Тап бір басқа планетадан келгендей тандана кеткеніме қысылып қалдым. Әрине, бетке шындықты сойып айтқанды кім ұнатсын?! Менің әкем ылғи: "Балам, әрдайым бір "жарайдың" болсын. Тіршіліктің ой-қыры қатар жүреді. Даңғыл жол сен түгілі патшаға да бұйырмаған. "Жарайды" дегеннен жығылмайсың. Құлағаннан демеу сөзді аяма" деген өсиетін құлағыма құйып отыратын. Әлгі бастықсымақтың "бір жарайдысы" болмаған?! Әттең... "Бір жарайдымыз" жоғалып кеткен көз ілеспейтін жылдамдықта өмір сүріп жатырмыз ғой.

"Адалдықтың шынымен өлгені ме?"

"Адамдардың сатқындығын күнде көріп жүрміз. Бірақ, өзін адам қатарына қосқан жанды қалай ғайбаттайды, еш түсінбеймін?" дегеніне жауап бере алмадым. Енді ше?! Адамзатқа сатқындық – таңсық емес. Керек десеңіз, сонау Абыл мен Қабылдан басталған көреалмаушылықтың, сатқындықтың, опасыздықтың уақыт арбасында үдемесе, кемімейтіне көзім жеткені қашан?!

Танысымның сөзінің жаны бар. Жұмыстан қуған бастығын креслоға сол кісінің отырғызғанынан мен де хабардар болатынмын. Бірақ, жұмыстан кеткенін білмейді екенмін. Жуырда ғана бір жиында кездесіп қалғанда хал-жағдай сұрасқанбыз. Сыр бермеген екен де. Ешкімді қараламай, тағдырын тосып ала білу де – ерлік.

"Білесің бе, мен адалдықты қатты сағынамын..."

Әдемі сөмкесінен қағаз сүрткішті алып, көзіне тұнған жасын сүрте ауыр күрсінді. Көз алдыма кеткен "бастықтың" алдында ұры итше сумаңдап жүрген опасыздың бейнесі көлбең етті. Ойпыр-ай, іші-бауырын езіп жіберердей лыпылдайтын. Кейде, үлкен бастықтың алдында ыржалаң қаққан түрінен ұялып кететінмін.

Мансап үшін арын сатып жүргендерден аяқ алғысыз қоғамда өмір сүріп отырып, ой қозғау да орынсыз болар. Бірақ, адалдықтан аттап кете берсек, Жер-Ана төңкеріліп түспей ме?!

Жаны тазалар өмірді адами сүреді

Жағымпаздықпен нәрленгендер "тіршілік" етеді. Кеуде керген ащы запыраннан өз-өзіне келді білем, "Жетімдер үйінде өскенімді ұмытпаған боларсың. Кіл жетімдердің арасында өссем де, қаныма сатқындықтың сіңбегеніне қуанам. Бәріміз есеппен өмір сүре берсек, "адалдық" ұғымы Қызыл кітапқа енетін болар?" – деген танысым тазалыққа толы қоңыр көздері жәутеңдей қарағанда, сұрақтың салмағынан тұншыққандай ауа қармадым.

Адалдыққа берік жандардың арқасында "тіршілік бейшара" өз қазығын ала қашпай, бізге қызмет етеді. Айналаңда саусақпен санаулы болса да адал жандардың барына шүкіршілік етесің. Бір қарағанға таптаурынға айналған мәселе болар. Бәрібір жаныңа батады. Ғасыр кезеңі ауысқанда, қара ниеттілер қалып, "адалдық" жұртта қалып кетпесін де...

Өзің опасыздыққа қалай барсаң...

Күндердің-күнінде опасыздықтың көкесі алдыңнан айтақтап шыға келетінін неге ойламасқа?.. Сонау, аттың жалында, түйенің қомында өмір сүрген бабаларымыздың жер бетінен жойылып кетпеуіне басты кіндікқазық болған ұғым – адалдық ауылы еді. Бәріміз "Кісінің ала жібін аттама, обал болады. Бір күндік шәйге – қырық күн сәлем" дегенді бала күнімізден құлағымызға құйып өстік. Ата-анамыз "адалдыққа – адал" болуды өсиет етті. Пәк періште болмасақ та, қиянат жасаудан қаша білудің өзі қасиет. Қасіреттің қалыңы, бүгінгі қоғамда бала жадына тағлымды өсиетті құймаған ата-аналардың ұрпағы – жағымпаз, сатқын, опасыздық ауылының тұрғынына айналып жатқаны. Әлігі "бастықсымақтың" бала күнде тәлім көрмей өскені неткен өкініш?!

"Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің" дегенді ұрпақ тәрбиелеп отырған жандар осы бастан ескерсе, "Адалдық ауылының тұрғындары" көбейер еді-ау ә?..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Места: Астана Персоны:      
comments powered by HyperComments