Министрдің қабылдауына қалай кіруге болады? Нұсқаулық

Источник: informburo.kz

Министрдің қабылдауына қалай кіруге болады? Нұсқаулық

"Керек болса министрге барамын!" Жергілікті билік проблемасын шешіп бермей, сөзбұйдаға салғанда кез келген адам осылай деп күйініп жатады. Алайда, мұндайлар шенеуніктің жеке қабылдауына қалай кіруге болатынын біле бермейді. Министрге кіру шынымен де оңай емес. Ең әуелі ол – жұмысбасты. Егер адамның проблемасы тек мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының араласуымен шешілетін болса, жолын тауып министрдің қабылдауына кіруге болады.

Бюрократиялық кедергілер

Мәселені шешудің заңдылығын білсем деп талай есікке телміріп, табан тоздырған азаматтардың бәрі бірінші басшының қабылдауына қалай кірсем деп басы қатып жүреді. Түйткілді сауалдарына тиісті жауап ала алмағандардың жалғыз үміті басшыда. Өйткені басқа барар жері, басар тауы қалмай, тірелген тұйықтан шығудың жалғыз жолы – Министрде деп біледі.
Ел үкіметі бекіткен тәртіпке сәйкес, бірінші басшының қабылдауына қолында мәселесіне қатысты құзіретті департаменттің директорының немесе оның орынбасарының жауабы бар болса, жеке адамдар да, заңды тұлғалар да кіре алады.

Ресми қабылдауға өтінім беру

Министрдің ресми қабылдауына кірудің түрлі жолы бар. Қабылдау жеке кездесу, сондай-ақ бейнеконференция түрінде болуы мүмкін. Бейнеконференция үшін Электронды Үкімет сайтында онлайн қабылдауға өтінім беру үлгісі толтырылады. Ол үшін Egov.kz порталына кіру керек. Бұл туралы толығырақ бұған дейін де жазылды.
"Қызметке онлайн тапсырыс беру" түймесі арқылы қажетті мемлекеттік орган таңдалады. Сол жерден бірінші басшының қабылдау кестесімен танысып, ыңғайлы уақытқа қабылдауға жазылу керек. Бұл ретте өзіңіз туралы деректерді қалдыруды ұмытпаған жөн. Бейнеконференция үшін белгіленген уақытта "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне бару керек. Бұл қызметті Астанадан басқа елді-мекенде, тіпті шетелде тұратын азаматтар да пайдалана алады.
Кездесу үшін министрдің қабылдау кестесімен танысу қажет. Бұл қазақстандық ведомстволардың әрқайсының сайтында жазылған. Осы ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде министрліктің ғимаратындағы күту залында да ілініп тұрады. Кестеде көрсетілген телефон нөмірлері арқылы өтінімдер қабылданады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ұсынған мәліметке сәйкес, әр министрліктің қабылдау күндері әр түрлі. Алайда, тәртіпке сәйкес бір айда кемі бір рет қабылдауы керек.

Қазақстандықтар ғана емес

Мемлекеттік органдар басшыларының қабылдауына шетелдіктер де жазыла алады. Оларға да министрлер мен басқа да шенеуніктермен кездесуге өтінім беруге мүмкіндік бар. Оның үлгісі қазақстандық азаматтардыкімен бірдей.

Өтінім қабылданбауы да мүмкін

Азаматтарды төмендегідей жағдайда қабылдамауы мүмкін:
  • егер ол мәселесімен басқа да атқарушы органдарға жүгінбесе, қолында вице министрлер немесе департамент директорларының жауаптары болмаса;
  • мәселесінің шешімі министрліктің құзіретіне жатпаса, ведомстваның мамандары оған қайда жүгіну керектігі туралы кеңес береді;
  • өтінім беруші таңдаған уақытқа қабылдау кестесі бос болмаса, оны қабылдамауы мүмкін. Азаматтарды қабылдау кезек күту тәртібімен жүргізіледі. Оны сақтау үшін тізім жасалады.

Қабылдау күні

Бұл күн тағайындалғанда ведомстваның жауапты қызметкерлері бірінші басшыға мәселеге қатысты барлық ақпаратты дайындайды. Егер министр шеше алатын мәселе болса, әңгімелесу барысында оның мән- жайына қанығады. Ал, қосымша пысықтауды қажет ететін болса, жазбаша өтінім қалдыру сұралады.
Бұдан әрі азамат істі қарауға өзі қатысуға, сондай-ақ өтініміне қатысты қосымша материалдар ұсынуға құқылы. Өтінімге жауап жазбаша беріледі. Қабылдау кезінде келіп түскен өтінімдерге жауап қабылдау жүргізген, не оған құзіретті басқа да лауазымды тұлғаға қол қоюға жолданады.

Министр дәрменсіздік танытса

Министрге жеткен азаматтардың мәселесінің шешілуі екіталай. Егер өтінім беруші алған жауабына қанағаттанбаса, екінші қайтара ол мәселемен министрге енді кіре алмайды. Солай екен деп қол сілтеудің қажеті жоқ. Азаматтар әрі қарай жоғары жаққа, мысалы Премьер-министрдің кеңсесіне және Президент әкімшілігіне жүгіне алады.
Авторы Игорь Мосунов.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Места: Астана Тараз Персоны:      
comments powered by HyperComments